Әдебиет

Үмбетбай үлгісі

Халқымыздың белгілі сатирик қаламгерлерінің бірі, Ырғыз топырағында дүниеге келген азамат Үмбетбай Уайдин ағамыз биыл сексен бес жасқа  толар еді. Ең алдымен қалың оқырманға 1968 жылы шыққан «Қара   көзілдірік» атты өлеңдер  жинағымен танылған ол кейін де көптеген  құнды  дүниелерін жарыққа шығарды. Үмекеңнің «Құрдым сиыр», «Ендігісін  айтпаймын», «Контейнермен келген кемпір», «Тілсіз қоңырау», «Быды-быды», «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Мәселе қайда жатыр», «Алло, бұл  кім?», «Пәлен-пәштуан», «Атың кім, әй?», тағы басқа көптеген кітаптары қазақ сатирасынан ойып орын алады. Қаламгердің шығармалары өзге тілдерге де аударылып басылды.

Жалпы шығармашылық адамының мінез-құлқы, өмірдегі ұстанымы, қалпы әрқалай болып келетінін көріп, сезіп жүрміз. Бұл ретте Үмбетбай ағамыздың бойындағы адалдық, ұсынақтылық, жауапкершілік сияқты үлгі болар қасиеттерді  бөле-жара айтар едік. Ол кісі қазақ журналистикасына да сүбелі үлес қосты. Түрлі  басылымдар беттерінде мақалалары, өлеңдері жарияланды. Әсіресе,  қаламгердің публицистикалық шығармалары ойлы оқырман сүйіп оқитын  олжаға  айналды десек, артық айтқандық болмас. 1985 жылы «Жазушы» баспасынан  шыққан «Өмірге  құштарлық» атты кітабы жастар іздеп оқитын шығармаға  айналды. «Мәңгілік мәселе немесе жас ұрпақ тәрбиесі туралы сыр» атты жинақта  баланың тәлім-тәрбиесі хақында сөз қозғайды.

Қаламгерлігімен қатар ұстаздық қызметпен де айналысқан Үмбетбай ағаның  кейінгі буынға берген ұлағаты ұшан-теңіз. Ол кісі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінде болашақ журналистерге дәріс беріп,  Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын  дарынды балалар мектебімен тығыз байланыста болды.

Үибетбай Уайдин туралы баспасөз беттерінде көптеген мақалалар жазылды.  Арнайы кітап та шықты. 2005 жылы «Білім» баспасынан Көпен Әмір-бектің    сықақшы Үмбетбай Уайдинмен сыр-сұхбат түрінде жазылған «Із» атты кітабы  оқырманға жол тартты. «Із» қаламгердің өмір жолы, шығармашылығы, бір  сөзбен  айтқанда болмысы жайында кеңінен ұқтыратын танымдық-тағылымдық еңбек  болып шыққан.

Кезінде ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде декан болған қазақ сатирасының зерттеушісі, профессор Темірбек Қожакеев «Сықақшы жайлы сыр» деген мақаласында былай деп жазды:

«Үмбеке, сіз не істемедіңіз!..

…Ойбай-ау, ұмытып барады екенбіз ғой!

Сіз- әр үйде ешкімде реніш болмаса екен, әр үйге, әркімге сүйеніш орнаса екен деп тұратын адам екенсіз ғой! Ой, Алла-ай, сіздей адам көп болса соғыс атаулы мүлдем тоқтап қалар еді-ау,ә!..

Иә, Үмбекең сондай адам!».

Сондай-ақ, сықақшы қаламгер Ғаббас  Қабышұлы «Қысқа, нәрлі жазу —  Үмбетбай ұстанған үлгі. Ол қай тақырыпты қаласын, қай оқиға оң жамбасына  келсін, ойнатып әкетеді. Тұздықтап отыратын тұщымды сөзге кенде емес» десе,  жазушы Жақау Дәуренбекұлы: «Үкең шығармашылығының өн бойында  ерекшеленіп көрінетін бір қасиет — қандай жанрда жазса да, оқырмандарға күлкі  шуағын таратуға құштарлығы, іңкәрлігі. Мұның өзі қаламгер қаламына қуат  беретін ар тазалығының, көпшіл көңілінің табиғи қуаты» деп бағалайды.

Үмбетбай Уайдин шығармашылығында  әдептілік, танымдық-тағылымдық   педагогика мәселесі айрықша орын алады. Қаламгер осынау өзекті тақырыпқа  айрықша ден қойды. 2008 жылы жарық көрген «Әдеп әлемі» деген кітабы осы  пікірімізге дәлел. Автор адамның тәлім-тәрбиесі төңірегінде жан-жақты ой толғап,  өмірлік  жағдайлардан нақты мысалдар келтіреді.

Ал 2015 жылы жарық көрген «Әдеп әлемі және журналистика» деп аталған  еңбегі  әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс жасап жүргендерге, журналист  болуға  ұмтылған жастар үшін құнды дер едік. Кезінде университетте болашақ  журналистерге дәріс берген Үмбетбай ағамыз талдамалы журналистика,  тағылымдық  педагогика мәселелерін жан-жақты зерттеп, бас-аяғы бүтінделген  кітап  ретінде  ұсынды. «Журналист — мінездің адамы. Ол кез келген мықтының  алдында «ләпбай, тақсыр» деп жүгіре жөнелмейді. Оның пірі — халық»,   «Журналист  — өз мамандығының құлы. Өз мамандығын сүймейтіндерге   журналистикада орын жоқ» деген пікірлері қалам ұстаған кәсіп иелерінің  ойымен  сабақтас.

Өз басым тіршілікте Үмбетбай ағамызбен рухани қарым-қатынаста болып, ол кісінің мінезге бай, адамгершілігі мол азамат екеніне көзім жетті. Осыдан жиырма  бес жыл бұрын 60 жасқа толуына орай Үмбетбай ағамыз тамыз айында Ырғыз  өңіріне, туған ауылы Жаңақұрылысқа келген еді. Алпыс жастың асқарына  шығып,  осы мерейтойын туған жерінде атап өтуге келген сапарында бірге келген  қаламгер серіктерінің арасында қазақ журналистерінің ұстазы, белгілі ғалым  Темірбек Қожакеев, ақын Дүйсенбек Қанатбаев және басқалары болды. Сол  тұста аудандық газетте қызмет жасап жүрген мен де белгілі  қаламгердің туған  жерін аралаған сапарына куә болдым.

Қазақта «Өсер елдің баласы бірін-бірі батырым дер» деген сөз бар. Қаламгерді  туған жеріне ертіп келген Темірбек Қожакеевтің Үмбекең туралы көшелі сөздерін,  шын жүректен айтылған ықылас-пейілдерін есіткен жұрт ырза болысты. Әсіресе,  сол бір сапарда университеттегі ұстазым  Темекеңнің  төңірегінде болған үш-төрт  күн менің өміріме үлкен сабақ алғандай әсер қалдырды. Бұрын аудиторияда  тиісті пән тақырыбы, журналистиканың қыр-сыры жөнінде дәрістерін  тыңдағанымыз  болмаса, терең білімді,  парасатты кісімен сапарлас, дәмдес болғаным жадымда сақталып қалды. Үмбетбай ағамен хабарласып хат жазысып,бірнеше рет сұхбаттасудың сәті келді.

Үмбетбай Уайдин туған жерімен, жерлестерімен жиі байланыс жасап тұрды.  Биылғы  мерейтойы қарсаңында Ырғызда Үмбетбай ағамызға арналған  бірқатар  іс-шаралар қолға алынды. Соның бірі ретінде өткен айдың басында  Ырғыз  аудандық орталық кітапханасында  Үмбетбай Уайдин атындағы кабинеттің   ашылуын айтуға болады. Аудан әкімі Аққанат Шахин, қаламгердің зайыбы  Мариям  Алданова,  балалары, зиялы орта қатысқан шараның үлкен   тағылымдық мәні болды. Үмбетбай Уайдинді есте сақтауға арналған шаралар әрі  қарай жалғасын табады.

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз аудандық орталықтандырылған

кітапхана жүйесінің директоры,   

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button